Оқушылардың тамақтану сапасына жылдық мониторинг
Аманжол Тұрғымбаев атындағы №7 жалпы орта білім беретін мектебі оқушылардың тамақтану сапасына жылдық мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысы туралы
АНЫҚТАМА
2025–2026 оқу жылы барысында Аманжол Тұрғымбаев атындағы №7 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың тамақтану сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізілді. Мониторинг жұмыстары мектеп директорының бұйрығымен бекітілген бракераж комиссия құрамының қатысуымен ұйымдастырылды. Комиссия құрамына: мектеп директоры Л.Б.Кокребаева, оқу жөніндегі орынбасары Г.Инкарбекова, директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Қ.Ақназарова, мектеп медбикесі Х.Бабатова, әлеуметтік педагог С.Таджи, қамқоршылық кеңес төрағасы Д.Халкечев, ата-аналар комитетінің төрайымы Ж.Нурымова және ата-аналар қамтылды.
Комиссияның негізгі мақсаты – мектеп асханасындағы тамақтандыру жұмыстарының сапасын бақылау, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қадағалау және оқушыларды сапалы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету болды.
Оқу жылы ішінде комиссия тарапынан апта сайын жоспарлы тексерулер жүргізіліп отырды. Тексеру барысында асхананың санитарлық жағдайына, ас үй құралдарының тазалығына, азық-түлік өнімдерінің сақталу мерзіміне, дайын тағамдардың сапасына және ас мәзірінің бекітілген талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің сертификаттары мен құжаттарының болуы да бақылауға алынды.
Асханадағы күнделікті ас мәзірі Қазақстан Республикасының санитарлық нормаларына сәйкес жасалып, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай құнарлы тағамдар ұсынылды. Ас мәзіріне ет тағамдары, сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектер және дәрумендерге бай тағам түрлері енгізілді. Оқушыларға ыстық тамақ белгіленген уақыт кестесіне сәйкес уақытылы беріліп отырды.
Комиссия мүшелері тамақтың дәмдік сапасын, температуралық режимін және тағамның дайындалу технологиясын үнемі бақылауда ұстады. Тексеру нәтижесінде асхана қызметкерлерінің санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып жұмыс жасайтыны анықталды. Асхана қызметкерлері арнайы медициналық тексеруден уақытылы өтіп, санитарлық кітапшалары талапқа сай жүргізілген.
Жыл барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасы оқушыларының тегін ыстық тамақпен қамтылуы да тұрақты бақылауда болды. Әлеуметтік санаттағы оқушылардың толық қамтылуы қамтамасыз етіліп, олардың тамақтану сапасына ерекше көңіл бөлінді. Соңғы айларда 192 оқушысы ыстық тамақпен қамтылып отырды. Оның ішінен әлеуметтік санаттарына қарай 14-і атаулы әлеуметтік көмек алатын, 38-і алқалық органның шешімімен, 2 білім алушы жетім және қамқоршылықтағы балалар және бастауыш білім алушылары толық ыстық тегін тамақпен қамтылды.
Комиссия тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде тамақтандыру сапасына байланысты күрделі кемшіліктер анықталған жоқ. Анықталған ұсақ ескертулер бойынша асхана меңгерушісі мен жауапты қызметкерлерге ұсыныстар беріліп, кемшіліктер уақытылы түзетілді. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан түскен ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, ас мәзірін жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілді.
Бракераждық комиссиямен тексеру кезінде мектеп асханасында тыйым салынған тағамдардың (шұжық өнімдерін, шұжықшалар мен құрамында табиғи бояғыштар, консерванттар, хош иістендіргіштер, дәмді күшейткіштер, тәттілендіргіштер бар өзге де өнімдерге) мектеп асханасында қазіргі таңға дейін анықталған жоқ. Асханада тыйым салынған тағамдар тізімі бар. Тамақ мәзірі бойынша барлық талаптар сақталған. Тамақтанатын ыдыстар таза, ыдыс жуатын орындар талапқа сай орнатылған. Тамақтарды сақтау бойынша арнайы тоңазытқыштар бар. Азық – түліктер апта сайын келіп отырады, барлығының сақталу мерзімі көрсетілген.
Оқу жылы ішінде мектепте дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру мақсатында сынып сағаттары, түсіндіру жұмыстары және денсаулыққа пайдалы тағамдар туралы ақпараттық шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар оқушылардың дұрыс тамақтануға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Қорытындылай келе, 2025–2026 оқу жылы барысында Аманжол Тұрғымбаев атындағы №7 жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру және оның сапасына мониторинг жүргізу жұмыстары қанағаттанарлық деңгейде атқарылды. Комиссия жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп, оқушыларды сапалы, қауіпсіз және құнарлы тағаммен қамтамасыз ету талапқа сай орындалды.
Ұсыныстар
- Асхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған санитарлық қауіпсіздік және тағам дайындау бойынша оқыту семинарларын өткізу;
- Оқушылар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру мақсатында тәрбие сағаттарын, ақпараттық кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын көбейту;
- Әлеуметтік санаттағы оқушыларды сапалы ыстық тамақпен толық қамтуды тұрақты бақылауда ұстау;
- Тамақтану сапасына байланысты оқушылар мен ата-аналардан сауалнама алып, олардың ұсыныстары негізінде ас мәзірін жетілдіру жұмыстарын толықтыра жүргізу.