Жас ақындар – өңір руханиятының жалғасы
Жас ақындар – өңір руханиятының жалғасы
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жоба аясында Меркі өңірінің әдеби-рухани әлеуетін танытатын тағылымды бастамалар жүзеге асуда. Қалам қуаты шыңдалып, жыр жолына түскен Меркі топырағынан шыққан белгілі ақындар – Шырын Мамасерікова, Алтынбек Қоразбаев, Асанбай Асқаров сынды сөз зергерлерінің ізін жалғап келе жатқан жас буын да бұл үрдістен шет қалмай отыр.
Бұл жинақ – тек жас қаламгерлердің шығармашылық табысы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды еңбек. Меркі өңірінің рухани өміріне серпін беретін мұндай жобалар жас ақындардың қанатын қатайтып, болашақта үлкен әдебиетке қадам басуына жол ашады.
Аталған жоба аясында Аманжол Тұрғымбаев атындағы №7 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Шыңғысхан Нарымбетов пен 10-сынып оқушысы Майра Қартбайдың өлең-жырлары «Меркілік ақындар әлемі» атты жинаққа енді. Жас ақындардың шығармаларында елге, жерге деген сүйіспеншілік, туған өлкені қастерлеу, руханият пен адамгершілік құндылықтары терең жырланады. Жас ақындардың шығармашылық жолына бағыт-бағдар беріп, жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Баяқова Қ.Т мен Айтжанова Г.А.
Елдің ертеңі – білімді де рухани бай жастардың қолында. Осы орайда, «Меркілік ақындар әлемі» жинағына енген жас ақындардың жырлары оқырман жүрегінен орын алып, өңір әдебиетінің дамуына өз үлесін қоса бермек.