05
сентябрь
2024
«Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне арналған іс-шаралар
А.Тұрғымбаев атындағы №7 ЖОББМ-де Қазақстан Республикасының Тілдер күні мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті. Бұл іс-шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізілді. Жоспар бойынша мектебіміздің тіл мамандары іс-шараның өтуіне белсене ат салысты.
Шараның мақсаты: Өскелең ұрпаққа ана тілдің мәртебесін көтеруді насихаттай отырып, өзге тілдерді құрметтеуге шақыру.Әр адам өзінің тілін шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап құлағына сіңіруі тиіс. Себебі, тілін білген адамның ғана бойында патриоттық сезім қалыптасады. Олар елге, ұлтқа пайдалы мәселелерді қозғап, жауапкершілікті сезінеді. Өйткені, мемлекеттік тіл елімізде аса маңызды да, ең өзекті мәселе.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Жиында сөз алған мектеп директорының оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г. Т. Инкарбекова тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу-жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігіне тоқталып, ана тіліміздің мерейлі мерекесімен құттықтады.
Шараны пән мұғалімдері дайындаған оқушылардың үш тілдегі әдеби монтажы жалғастырды. Оқушылар хорының орындауында М.Шахановтың «Рух пен тіл» әні орындалды. Тіл білімінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері, Алаштың арда ұлы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығынан бейнебаян көрсетілді. Оқушылар өздерінің музыкаға деген қабілеттерін аңғартып, ән мен жырдан шашу шашып, оқушылар қазақтың ұлттық биін шабыттана орындады.
Тәуелсіздігіміздің тұғырына көтерілген жылдар ішінде елдің бірлігі артқандай. Елімізде ұлтымыздың ұлы тілімен қатар әлемдік тілдердің де құндылығы жоғары. Қазақ балаларының өзге тілді меңгергеніне қуанып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеп, білім алып жатқанын көргенде, бір жасап қаламыз.Ұстаздар қауымының басты міндеті-шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, болашақ ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру.
![](/uploads/posts/2024-09/1725970275_1725966702476.png)
![](/uploads/posts/2024-09/1725970255_1725966694532.png)